Бір күні бір рақымды жан Құдаймен тілдеседі. Ол Құдайдан:
— О, Тәңірім, мен жұмақ пен тозақтың қандай екенін білгім келеді — дейді. Құдай оны жетелеп, екі есікке келеді. Біріншісін ашып, рақымды жанды ішіне кіргізеді. Ол есіктің арғы жағында үлкен дөңгелек үстелді, үстелдің ортасында иісі танауды жарардай, дәмі тіл үйірердей тағаммен толтырылған үлкен ыдысты көреді.
Рақымды адамның сілекейі шұбырып кетті. Ал үстел айналасында отырған адамдардың түрлері ашыққан, ауру, аштан өлердей күйде еді. Олардың барлықтарында қолдарына байланған қасықтары бар. Бірақ бұл қасықтар өте ұзын болатын. Ұзындығы соншалық, олар үстел үстіндегі тамақтан ала-алғандарымен, ауыздарына жеткізу мүмкін емес еді. Рақымды адам олардың бақытсыз күйлерін көріп, күйзеліп кетті. Құдай:
— Сен дәл қазір тозақты көрдің — деді. Содан соң Құдай мен әлгі рақымды жан екеуі екінші есікке беттеді. Рақымды жанның көріп тұрған көрінісі осының алдындағымен бірдей еді. Бұнда да дәл сондай үлкен дөңгелек үстел, дәл сондай сілекейді шұбыртар тағаммен толтырылған ыдыс бар екен. Үстел айналасында отырған адамдар да дәл сондай ұзын қасықтар ұстап алған. Бірақ бұл жолғы адамдар тоқ, бақытты болатын. Тіпті, бір-бірімен шүйіркелесіп, қызу әңгіме жүріп жатты. Рақымды кісі Құдайға қарап:
— Түк түсінсем бұйырмасын — деді.
— Түсіну қиын емес. Бұлар бір-бірін тамақтандырады, ал біріншілері тек өздерін ғана ойлайды — деп жауап берді Құдай.