МАМА, СЕНІҢ КҮЙЕУ БАЛАҢ…
Махаббатта өзінше әркім батыр, ез,
Бақыты үшін арпалысып жатыр өз.
Сенер тұста — сенбеген боп шығатын,
Мама, сенің күйеу балаң — қатыгез!
Сағынамын, бірге өткен күзді аңсап,
Есімде жоқ тағдырымды бұзған шақ.
Біреу үшін — маған сенім жоғалтқан,
Мама, сенің күйеу балаң — қызғаншақ!
Өтсе-дағы талай бірге күн қызық,
Еркелікті сабырға жүр бұрғызып.
Көңіліме қарап тұрып, ренжітер,
Мама, сенің күйеу балаң — тым бұзық!
Бар бақытын жоқ қылады, бірде ұрсып,
Жүргеніммен жеңе алмаймын білгірсіп.
«Ақымағым» — деп әбден жылататын,
Мама, сенің күйеу балаң — бір қырсық!
Бір өзіне бұйырғандай атақ бар,
Мінезінде мен білетін шатақ бар.
Қайтсем екен, оны айтшы, бір ақыл?
Мама, сенің күйеу балаң — тәкаппар.
Алла біледі, бақ қумаймыз бөлінсек,
Қуанармыз, бақытты боп көрінсек.
Алаңдатқым келмегенмен, айтайын,
Мама, сенің күйеу балаң — еріншек.
Болсаңыз да қандай, күнім, бағым сіз,
Алла жазған маңдайыма жарым — CІЗ.
Cезімімді біліп тұрып, сұрайтын,
Мама, сенің күйеу балаң — сабырсыз!
Өне бойы бір көңілім толмаған,
Онан нашар, одан жақсы болмаған.
Бір Құдайға тапсырсам да айтайын,
Мама, сенің күйеу балаң — Оңбаған!
Жазғыруды, кінәлауды доғарам,
Тағдырым да, бар мұңым да — сол адам.
Мама, сенің нашар күйеу балаңмен,
Ең ғажайып, бақытты жан бола алам!